Шымкент қаласы бойынша 12 блок-бекет қойылды

2603

Үшінші мегаполисте коронавирус таралуының алдын алу мақсатында сақтық шаралары күшейтілді. 

Шымкент қаласы бойынша 12 блок-бекет қойылды

Блок-бекеттерде полицейлер мен медицина мамандары тәулік бойы жұмыс істейді. Олар қалаға кіріп-шығатын әрбір көлікті тоқтатып, жүргізушілер мен жолаушыларды арнайы құрылғы көмегімен тексеруден өткізіп жатыр. 
Блок-бекеттер Ақжар, Жылан бұзған, Абдулабат, Өтеміс Шапырашты,  Қызылсу, Мәртөбе, Сиқым ауылы (А-2 айналма жолы), Бозарық айналма жолы,  Қайнарбұлақ саяжайы, Бадам айналма жолы, Көкбұлақ, Бадам көпірі маңына қойылған.

"Сақтық шаралары ең алдымен қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет. Блок-бекеттерде медицина мамандары халықты ақпараттандырып, азаматтардың қозғалысын бақылайды. Дәрігерлер жолаушылардың дене қызуын өлшейді. Қауіптің алдын алу мақсатында қолға алынған жұмыстар барысында полицейлер мен дәрігерлер қала  сыртындағы 12 блок- бекетте күшейтілген режимде жұмыс атқаруда",– деді қала әкімдігіндегілер. 

Еске салсақ, кеше, 24 наурызда кешкі уақытта шымкенттік бір тұрғыннан коронавирус анықталды. Ол қалаға елордадан автобус арқылы келген. Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тимурхан Варзиловтың айтуынша, онымен байланыста болған барлық азамат анықталып, бақылауға алынды. 

"Анықталған азаматтардың өміріне келер қауіп жоқ. Ал коронавирусты жұқтырған азаматтың жағдайы қанағаттанарлық. Біз қалада қауіпті індетті жұқтырғандар саны артпайды деп үміттенеміз. Ол бойынша сақтық шаралары тиісті деңгейде жүргізілуде",– деді Тимурхан Варзилов. 

Жансая Тәуекелқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу