Шымкент мұнай өңдеу зауытында электрмен жабдықтау жүйесіндегі ақауға байланысты негізгі қондырғылардың бірі апатты түрде тоқтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
KEGOC компаниясының 220 кВ желісінде кернеудің төмендеп кетуі салдарынан кәсіпорындағы каталитикалық крекинг кешені апатты режимде жұмысын доғарды.
Қазіргі уақытта зауыттың жедел әрекет ететін тобы тоқтаған жабдықты қайта іске қосу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
"Апатты сөну мұнай өнімдерін өндіру көлеміне әсер еткен жоқ. Мамандардың дер кезінде қабылдаған әрекеттерінің арқасында басқа технологиялық қондырғылар штаттық режимде сақталып қалды, кәсіпорынның толық тоқтауына жол берілген жоқ", – деп хабарлады "ҚазМұнайГаз" компаниясы.
Шымкент мұнай өңдеу зауыты электр энергиясын сыртқы желілерден алады. Компанияның мәліметінше, кәсіпорында орнатылған автоматика және апатқа қарсы қорғаныс жүйелері кернеу ауытқуларының әсерін барынша азайтады.
Бұған дейін Атырау мұнай өңдеу зауытының аумағында өрт шыққанын жаздық. Ал, Павлодар мұнай өңдеу зауытындағы жоспарлы жөндеу жұмыстары 2027 жылға шегерілді.