Шымкентте 2025 жылға дейін 3 жолайрық салу көзделген

507

Сонымен қатар 2 транзиттік айналма жол құрылысы қарастырылған.

Шымкентте 2025 жылға дейін 3 жолайрық салу көзделген

Қалада көлік инфрақұрылымын дамытуда бірқатар ірі жобалардың құрылысы жүргізілуде, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Биылғы жылы 190 нысан немесе 352 шақырым жолдарда құрылыс-жөндеу жұмыстары қолға алынды. Елордада өткен есеп беру брифингінде Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов осылай деп мәлімдеді. 

"Сонымен бірге қазір қалада 2 жолайрық салынып жатыр. Биыл Рысқұлов-Қонаев жолайрығы толық пайдалануға беріледі. Арғынбеков-Бәйдібек би жолайрығының құрылысы басталды, келер жылы аяқталады. Шымкент қаласында 2025 жылға дейін 3 жолайрық, 2 транзиттік айналма жол, А-2 автомобиль жолын қайта құру және Қонаев даңғылының жалғасын салу жұмыстары аяқталып, пайдалануға тапсырылады. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесі 2022 жылы 64,7%-дан 2025 жылы 79%-ға жетеді. Әуе көлігі жолаушыларына қолайлы жағдай жасау үшін жеке инвестор есебінен әуежайға жаңа терминал салынып жатыр. Құрылыс аяқталған соң, жолаушыларды өткізу қабілеті сағатына 200 адамнан 2000 адамға дейін өседі", – деді қала әкімі.

Шымкент әкімі өткен жылдың қорытындысы бойынша  қаланың жалпы өңірлік өнімі 2,6 трлн теңгеден асқанын, экономикалық өсім 5,4%-ды құрағанын  атап өтті. 

"Биылғы жылы да экономикалық өсім қарқынды, алғашқы бес айда өнеркәсіп өнім көлемінің индексі 7,9%-ға, инвестиция көлемі 29,2%-ға, құрылыс жұмыстары 3,4%, пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 44,5%, бөлшек сауда көлемі 18,5% артты", – деді спикер сөзін түйіндей келе.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу