Шымкент қалалық полиция департаменті күдікті жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ұсталғанын растады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған. Іздеу жұмыстарына қалалық полиция департаментінің барлық жеке құрамы жұмылдырылғаны айтылды.
– Қалаға кіреберіс және шығаберіс жолдарда бақылау күшейтіліп, аумақ толық тексерілді. Күдікті қала маңынан шамамен 10 шақырым қашықтықта ашық аумақта анықталып, ұсталды, – делінген хабарламада.
Бұған дейін күдікті мен қаза тапқан қыздың таныс болғаны анықталды. Қылмыстың себептері мен мән-жайы тергеу барысында нақтыланбақ.
Марқұм студентті қаскөй 11 қаңтар күні кешке Төлеметов пен Өтегенов көшелерінің қиылысында пышақтаған. Бейнежазбадан қыздың қашуға әрекет еткенін, жігіттің оны ұрып-соғып, пышақ сұққанын байқау қиын емес. Күдікті оқиға орнынан бой тасалап үлгерген еді.