Шымкентте көпқабатты тұрғын үйдің ауласынан ер адамның денесі табылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оқиға туралы видео әлеуметтік желілерде тарады. Бейнежазбада оқиғаның Қонаев даңғылы мен Рысқұлов көшесінің қиылысында болғаны айтылған.
Шымкент қалалық полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы жағдай 1 қарашада "БИИК" тұрғын үй кешенінде болған. 22 жастағы ер адам биіктіктен құлап, көз жұмған.
– Аталған дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр, – делінген полиция хабарламасында.
Полиция ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайтынын хабарлады.