Өтініш қабылдау республика көлемінде бір күнге белгіленіп, 21 мамыр мен 3 маусым аралығында Enbek.Business.kz порталы арқылы онлайн түрде жүргізіледі, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Өтінім берген үміткерлер өздерінің бизнес-жобаларын 9-19 маусым аралығында офлайн форматта комиссия алдында қорғайды. Комиссия құрамына қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, журналистер және кәсіпкерлер кіреді.
Комиссия мүшелері жобалардың өміршеңдігіне, үміткердің сол саладағы тәжірибесіне, жұмыс орындарының ашылуына және өндірістік әлеуетіне мән береді.
"Былтыр 428 тұрғын қайтарымсыз грант иегері атанған болатын. Комиссия мақұлдаған бизнес-жобалардың 44-і мал және құс шаруашылығы, 100-і қызмет көрсету салалары, 56 жоба кондитер және нан өнімдері, 84-і тігін, 31 жоба жартылай фабрикаттар, 8-і жиһаз өндірісі, 62 жоба өндіріс саласы және 43-і қоғамдық тамақтану орындары іске қосу жобасын құрады", – деп хабарлады Шымкент қаласының әкімдігі.
Биыл әлеуметтік осал топтарынан 934 азамат өтініш беріп отыр. Комиссия отырысының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік желілердегі ресми парақшалар арқылы тікелей эфир ұйымдастырылады.
Қайтарымсыз грант қаржысы несиені өтеуге, жылжымайтын мүлік сатып алуға, акцизделетін өнімдерді (мысалы, алкоголь, темекі) өндіруге жұмсалмайды.