Шымкентте 3 пәтерден 4 адамның денесі табылды

Алдын ала болжам бойынша, қайғылы оқиғаға газдан улану себеп болуы ықтимал. 

Шымкентте 3 пәтерден 4 адамның денесі табылды Фото: forum-msk.info

КТК мәліметінше, тұрғындар бірнеше күн бойы газ иісі туралы айтып шағымданған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қайғылы жағдай 3 наурыз күні күндізгі уақытта Шымкент қаласының Тұран ауданындағы Студенттік қалашық шағынауданында тіркеліп отыр. Осылайша, айдың-күннің аманында бір подъезде орналасқан 3 пәтерден 4 адамның мәйіті табылды. 

Көршілердің сөзінше, үйде бірнеше күн бойы газдың өткір иісі сезілген, десе де тиісті шаралар дер кезінде қабылданбауының салдары осындай қайғылы оқиғаға әкеліп тұр. 

Тұрғындар бір пәтерден 31 жастағы әйел мен 16 жастағы қыздың мәйіті табылғанын айтады. Ал екінші қабаттағы басқа пәтерден 23 жастағы жігіттің денесі анықталған. Үшінші қабаттағы жалдамалы пәтерде 20 жастағы студент қыз жан тапсырған. Пәтер иесі бойжеткеннің денесі жуынатын бөлмеден табылғанын жеткізді. 

Подъезд тұрғыны Ислам Файзуллаевтың айтуынша, алғашқы болып студент қыз табылған. 

– Шамамен сағат 12:00-де қызды бірінші болып тапты. Пәтер иесі келгенде, жуынатын бөлменің есігі ішінен құлыптаулы болған. Ашқанда, пәтер жалдаушы қыз жуыну кезінде көз жұмғаны белгілі болды. Осыдан кейін учаскелік полиция қызметкерін шақырды. Барлық тұрғынды сыртқа шығара бастады. Құтқарушылар келіп, басқа пәтерлердің есіктерін ашып, тағы да мәйіттерді тапты, – деді ол. 

Қазіргі уақытта полиция адам өліміне әкеліп соққан қызмет көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Газ қызметінен әзірше ресми түсініктеме берілмей отыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу