Шымкент қаласында облыстық эндокринология диспансерінің базасында Аймақтық диабет орталығы ашылды. Бұл орталық көршілес Қызылорда, Жамбыл облыстарының тұрғындарына да мамандандырылған көмек көрсетеді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Мұнда қант диабетіне шалдыққан науқастарға заманауи емдеу және диагностика тәсілдері қолданылады. Науқастың гликемиялық көрсеткішін тәулік бойы 288 рет анықтау арқылы үнемі үздіксіз бақылауға мүмкіндік беретін СGMS құрылғысы бар. Сонымен қатар "Диабет мектебінде" арнайы дайындықтан өткен инструкторлар жүргізеді.
Аймақтық диабет орталығы орналасқан облыстық эндокринология диспансерінде қызмет ететін дәрігерлердің 60 пайызға жуығы жоғарғы санатты білікті мамандар. Науқастарға эндокринолог-диабетологтармен қатар нефролог, кардиолог, офтальмолог, невропатолог, ангиохирург дәрігерлер медициналық көмек көрсетеді.
Диспансер дәрігерлері жыл сайын біліктілігін арттырады. Мәселен өткен жылы 2 дәрігер-эндокринолог Ресейдің "Сан-Петербор көп салалы орталығында" аяқ тамырлары патологиясына ультра дыбыстық диагностика циклында біліктілігін жетілдірді. Тағы 1 дәрігер сол Сан-Петерборда "Жіңішке ине аспирационды биопсия мәліметтері бойынша қалқанша безінің морфологиялық диагностикасында", 25 дәрігер республика деңгейінде біліктілігін арттырды.
Облыстық эндокринология диспансері – медициналық колледждер мен жоғары оқу орындары медициналық факультеттерінің клиникалық базасы. Мұнда науқасты емдеумен қатар диабетология мәселелері жөнінде семинар, конференция және кездесулер ұйымдастырылып тұрады. Қант диабеті мектебінің жаттықтырушысын даярлайды. Салауатты өмір салтын насихаттау, семіздіктің алдын-алу диабет мектебінде оқытылады.
Елімізде қант диабетіне қарсы күресті ұйымдастыруда салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелеріне үлкен мән беріледі. Осы мақсатта ашылған Аймақтық диабет орталығы аурудың пайда болу қаупін азайтуға және диабеттік ретинопатия, нефропатия, невропатия, диабеттік табан секілді қауіпті асқынулардың алдын-алуға көмектеседі.