Шымкентте алаңда концерт өткізгендер айыппұл арқалады

633

Белгілі болғаны, бұл шараның өтуіне қалалық әкімдіктің өзі рұқсат берген екен.   

Шымкентте алаңда концерт өткізгендер айыппұл арқалады

Әлеуметтік желілерде Шымкенттегі "Наурыз" алаңында өткен концерттің видеосы қызу талқыға түсті. Видеода танымал қазақстандық топтың сахнада өнер көрсеткенін, ал алаңда топырлаған адамдар жиналғанын байқауға болады. Желі қолданушылары бұл шараның өтуіне наразылық танытып, карантин кезінде санитарлық талаптардың бұзылғанын жарыса жазды. Белгілі болғаны, бұл қаладағы жас кәсіпкердің ұйытқы болуымен ұйымдастырылған кеш екен. Ұйымдастырушының айтуынша, 31 қазан мен 1 қараша күндері жаңашыл идеялар фестивалі өткен. Шара онлайн форматта өтті деген ол оған әлемнің түкпір-түкпірінен 1,5 мыңға жуық адам қатысқанын айтады. Марафон ретінде ұйымдастырылған шараның жабылу салтанатын ашық алаңда өткізу жоспарланыпты. 
"Біз фестивальдің жабылу салтанатын өткізу үшін әкімдіктен рұқсат алдық. Ережеге сай келушілер кешті көлік ішінде тамашалауы тиіс болды. Тек жалт-жұлт еткен сахнаны көрген жұрт концерт соңында алаңға жинала бастады. Салдарынан арақашықтық сақталмаған. Ал біз шақырған қатысушылар көлік ішінде болды, оларға сыртқа шығуға да рұқсат берілген. Бірақ арнайы бекітілген сызық бойынша дистанция сақтауы тиіс болды. Енді біздің қателік – кешті көруге келгендерді бақылауда ұстай алмадық", – деді шараның ұйымдастырушысы әрі кәсіпкер Тоқтар Әлімбеков.   
Ал қалалық әкімдіктегілер салтанатты кешті өткізуге рұқсат берілгенін мойындап отыр. Бірақ жағдай бұлай ушығып кетеді деп ойламаған көрінеді. 
"Ол шара офлайн форматта өтті. Ұйымдастырушылардың бізге айтқаны сахнада өнер иелері ән айтады, сол жобаға қатысқан адамдар марапатталады. Бізден рұқсат алар кезде 30 адамнан көп болмайды, қалғаны онлайн көреді және радио толқыны арқылы көлікте отырып тыңдайды деген болатын. Өкінішке қарай, соңғы жағында жалт-жұлт еткен жарық пен музыканы естіген кезде алаңға адамдар көптеп жиналған. Санитарлық талаптар сақталмаған. Полиция департаменті мен СЭС қызметкерлері  ұйымдастырушыларға айыппұл салды. Алдағы уақыттарда офлайн шаралар өткізілсе, бұл тәжірибе ескеріледі деген ойдамын", – деді Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары. 

Жас бизнесмен бұл оқиғадан кейін қоғамдық бірлестік басшысы ретінде өзіне  айыппұл салынғанын растады. Алайда әзірге айыппұл мөлшері туралы нақты ешнәрсе айтылмапты.  

Жансая Тәуекелқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу