Шымкент қаласы бойынша Қаржы мониторингі агенттігінің департаменті интенсивті алма бақтарын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеуді аяқтады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Тергеу мәліметінше, "Интенсивті алма бақтарын дайын күйінде тапсыру" бағдарламасы "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" арқылы қаржыландырылған.
Бағдарлама ауыл шаруашылығы жерлерін инфрақұрылымымен бірге кәсіпкерлерге лизингке беруді көздеген. Алайда Қордың бұрынғы басқарма төрағасы Ж.Д. Омаров өзіне қарасты тұлғалар мен ұйымдарды тарта отырып, соның ішінде "Green Mart Kazakhstan" ЖШС арқылы қаржы жымқыру схемасын ұйымдастырған.
Тергеу барысында сатып алу рәсімдері заң талаптарын бұза отырып, көбіне бір көзден жүргізілгені анықталды. Жабдықтар мен құрылыс жұмыстарының құны жасанды түрде өсіріліп, кей жұмыстар мүлде орындалмаған. Соған қарамастан жалған қабылдау-тапсыру актілері рәсімделіп, сол арқылы бюджет қаржысы аударылған. Нәтижесінде мемлекетке 430 млн теңгеден астам залал келген.
Сонымен қатар агроөнеркәсіп саласын қолдауға бөлінген инвестициялық субсидияларды заңсыз алу деректері анықталды. Арнайы құрылған кооперативтер арқылы 327 млн теңгеден астам қаржы алынғанымен, оның тек 20%-ы ғана мақсатты түрде жұмсалған.
Қалған 250 млн теңгеден астам қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, мақсатсыз пайдаланылған. Сот шешімімен құны 1 млрд теңгеден асатын, жалпы аумағы 108 гектар жер телімдеріне тыйым салынды.
Негізгі күдікті қамауға алынып, іс сотқа жолданды.
Айта кетейік, осы іс бойынша бұған дейін бірнеше тұлға сотталып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.