Тексеру нәтижесінде мемлекетке материалдық залал келтірген "Шымкент қаласында екі алма бағын салу" жобасын іске асыру барысында "Ауыл шаруашылығын қолдау қоры" АҚ басшылығының лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану фактісі анықталған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Аталған факті бойынша 10.07.2024 жылы Бас прокуратура Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігінің 3) тармағы (лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану) бойынша қылмыстық іс қозғады.
Іс материалдарына сәйкес АНК Басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары И.М. өнім беруші С.Р.-дың мүддесін көздей отырып, Шымкент қаласындағы техникалық ерекшеліктер мен мәлімделген өндірістік параметрлерге сәйкес келмейтін алма бақтарын пайдалануға қабылдаған (орындалмаған жұмыс соммасы – 430,6 млн теңге).
Нәтижесінде бүгінде мемлекетке сараптамалар мен мамандардың қорытындысы бойынша 685,8 млн теңгеге материалдық залал келтірілді.
"Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен АНК басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары И.М. және мердігер ұйымның директоры С.Р. мүлікті тәркілеумен 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды", – деп хабарлады ҚР Бас прокуратурасы.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.