Сот мәліметінше, ер адам анасы дүниеден өткен соң мұрадағы өз үлесін бауырларының біріне рәсімдеп берген. Алайда арада уақыт өткеннен кейін ол бұл әрекетті жарамсыз деп тануды және мұрагерлік құқықтарын қалпына келтіруді талап етіп, туыстарына және нотариусқа қарсы талап-арыз түсірген, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Талапкердің айтуынша, ол мұндай шешімді асығыс қабылдап, психологиялық қысымға ұшыраған. Дегенмен жауапкерлер оның талаптарымен келіспеген. Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты талап-арызды қанағаттандырудан бас тартты.
Іс апелляциялық сатыда қаралып жатқан кезде тараптар өзара келісімге келіп, сот медиациясы тәртібімен дауды реттеуге шешім қабылдаған.
Жасалған келісімге сәйкес, талапкер өз талаптарынан бас тартты. Ал оның бауыры сыйға тарту шарты арқылы мұра құрамындағы Шымкент қаласындағы пәтердің үлесін оған беруге міндеттелді. Нәтижесінде тұрғын үй екінші бауырдың меншігінде қалса, пәтер талапкердің иелігіне өтетін болды.
Сондай-ақ келісім бойынша үйдің иесі жылжымайтын мүлікті басқа бауырларының келісімінсіз сата алмайды.
Сот медиативтік келісімді бекітіп, іс бойынша өндірісті тоқтатты.