Шымкент 2018 жылы мегаполис мәртебесін алғанда, ауыл шаруашылығы мақсатындағы алқаптар автоматты түрде қала аумағына тиесілі елдімекен жерлері санатына өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты 24.KZ телеарнасына сілтеме жасап.
Содан бастап салық мөлшерлемесі қалалық жылжымайтын мүлікке теңестіріліп, әр гектар үшін 91 мың теңгеден жоғары төлем белгіленген. Бұл ірі шаруаларға ауыр тиді. Бірнеше жыл ішінде миллиардтаған теңге берешек жиналып, жағдай тығырыққа тірелді. 2022 жылы қалалық мәслихаттың араласуымен салық мөлшерлемесі 50%-ға төмендегенімен мәселе түбегейлі шешілмеді.
Енді салық кодексіндегі өзгерістер арқасында оң шешімін тапты. 2026 жылдан бастап ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер әр гектар үшін шамамен 1000 теңге төлейді.
– 4 мыңнан астам шаруа қожалықтары тіркелген. Бұл олар үшін едәуір көмек болып саналады. Қаламыздың азық-түлік қауіпсіздігіне көмектеседі. Өйткені көп кәсіпкер салықпен-ақ қиналып қалды, – деп мәлімдеді қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Талғат Мекенбаев.