Шымкентте белгісіз біреулер өзен жағалауындағы 2,7 млрд теңгенің бетон бөгетін бүлдіріп кеткен

151

Белгісіз біреулер өзен арнасынан заңсыз тас қазып алмақ болған.   

Шымкентте белгісіз біреулер өзен жағалауындағы 2,7 млрд теңгенің бетон бөгетін бүлдіріп кеткен Фото: Бейнежазбадан

Шымкентте Бадам өзені жағалауындағы бетон бөгеттің бір бөлігін бұзып кеткен, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Шымкент қаласы Жайлы ортаны дамыту басқармасының хабарлауынша, Бадам өзені жағалауындағы жағдай тұрақты. Қазіргі уақытта тасқын қаупі жоқ.

"Өзен штаттық режимде жұмысын жалғастыруда. Көктем мезгілінде су деңгейі көтерілетінін ескере отырып, өткен жылы тасқын қаупін азайту мақсатында өзен жағалауын нығайту жұмыстары жүргізілген болатын. Жалпы ұзындығы 5,3 шақырымды құрайтын жағалау бекітіліп, жоба желтоқсан айында толық аяқталды. Аталған жұмыстарға 2,7 миллиард теңге қаражат бөлінді", – делінген хабарламада.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, Игілік, Жаңаталап және Көкбұлақ елді мекендері тұсында өзен арнасы реттеліп, жағалауы бетондалған. Бұл шаралар елді мекендерді су басу қаупінен қорғауға бағытталған.

"Сонымен қатар белгісіз тұлғалардың өзен арнасынан заңсыз тас қазып алуы салдарынан гидротехникалық құрылыс нысанына зиян келтірілген. Нәтижесінде бетон бөгеттің шамамен 40 метрі бүлінген. Қазіргі таңда құқық қорғау органдары кінәлілерді анықтау жұмыстарын жүргізуде. Мамандардың хабарлауынша, зақымданған аумақ мердігер мекеменің есебінен қалпына келтіріледі. Айта кету қажет, жобаның кепілдік мерзімі 7 жылды құрайды. Жалпы жағдай тұрақты, өзен арнасы тұрақты бақылауда, тиісті қызметтер тәулік бойы мониторинг жүргізуде", – деп хабарлады Жайлы ортаны дамыту басқармасы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу