Шымкентте дендросаябаққа кіру уақытша шектелді

83

Бұл туралы қала әкімі әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жазды. 

Шымкентте дендросаябаққа кіру уақытша шектелді Фото: gov.kz

Қалада қалың қар мен жаңбыр, сондай-ақ ауа райының кенеттен өзгеруі салдарынан барлық коммуналдық және апаттық қызметтер күшейтілген режимге өтті. Көшелер, тротуарлар және қоғамдық орындар күндіз-түні үздіксіз тазаланып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қала көшелеріндегі зардаптарды жою үшін 462 арнайы техника және орталық магистральдарды санитарлық тазалау үшін шамамен 5 мың жұмысшы жұмылдырылды. Қазірге дейін магистральды көшелерден шамамен 1345 текше метр қар шығарылды. Жалпы 34 956 м³ құм және 21 мың тонна тұз қолданылды.

– Ылғал қардың жабысып қалуы мен жаңбырдың әсерінен ағаштарға және абаттандыру элементтеріне түсетін жүктеме айтарлықтай артты. Салдарынан ағаштардың құлау жағдайы тіркеліп отыр. Сондықтан Дендросаябаққа бару уақытша шектелді. Ағаштардың жағдайын бағалау және бұтақтардың құлау қаупін жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар аяқталған соң саябақ қайта ашылады, – деп жазды Ғабит Сыздықбеков ресми парақшасында.

Сонымен қатар, Жайлау, Көксай, Бозарық және Нұрсәт шағынаудандарында электр қуаты уақытша өшірілді. Зардаптарды жою және электрмен жабдықтауды қалпына келтіру үшін 26 арнайы техника, 16 апаттық бригада және 120 қызметкер жұмылдырылған.

– Қауіпсіздік мақсатында саябақ пен гүлзарларға бармауды, ірі ағаштардың жанында тұрмауды және көліктерді жасыл желектер мен конструкциялар астына қоймауды сұраймыз. Тұрғындарға сақтық шараларын қатаң сақтау, мүліктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көлікті қауіпсіз жерлерге орналастыруды алдын ала ұйымдастыру ұсынылады. Қазір барлық қызметтер барынша жедел жұмыс жүргізіп жатыр, жағдай тұрақты бақылауда, – делінген жазбада.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу