Шымкент қаласында Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орайластырылған айлық аясында "Шымкент – есірткісіз қала" атты кең ауқымды профилактикалық акция өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Іс-шара Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастамасымен және қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Акцияға полиция қызметкерлері, әкімдік өкілдері, еріктілер, студенттер мен спортшыларды қоса алғанда 1500-ге жуық адам қатысты.
Акцияның негізгі мақсаты – есірткінің заңсыз айналымының алдын алу және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау.
Шара барысында қаланың барлық ауданында мониторинг жұмыстары жүргізіліп, есірткі құралдарын жарнамалайтын 300-ге жуық наркограффити анықталып, жойылды. Заңсыз интернет-ресурстар мен есірткі сатуға қатысты жазулар қоғамдық орындардағы қабырғалар мен қоршаулардан өшірілді.