Қазір аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Шымкентте көпқабатты үйдегі пәтерде 5 адам көміртегі тотығынан уланып, 15 жасар қыз бала мен 4 жастағы бала қайтыс болды. Тағы үш адам ауруханаға жеткізілді.
Қайғылы жағдай туралы пәтерде 6 сағат бойы ес-түссіз жатқан әйел оянғаннан кейін хабарлаған. Ол үйдегі 27 жастағы келіншектің әпкесіне қоңырау шалған.
Зардап шеккендердің арасында 27 жастағы әйел мен оның 3 жастағы қызы бар. Әйелдің жағдайы жақсарып, токсикология бөліміне ауыстырылған. Ал қыз бала әлі жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр.
– Шымкенттегі пәтерлердің бірінде екі кәмелетке толмаған баланың қаза табуына байланысты қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау немесе қызметтер көрсету салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соққан факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәлімет бойынша, өлімге газ иісінен улану себеп болған. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі толық анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады полиция.
Алдын ала мәлімет бойынша, пәтерге газ плитасына арналмаған су жылытқыш орнатылған. Мамандар оқиғаның нақты себебін анықтау үшін тексеру жүргізді.
QazaqGaz Aimaq АҚ Шымкент өндірістік филиалының өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы Нұрбек Рахманов тексеру нәтижелері туралы айтты.
– Апаттық қызмет мамандары оқиға орнына барып, тексеру жүргізген кезде иіс газының мөлшері анықталмады. Қазір уәкілетті органдар тергеу жүргізіп жатыр. Оқиғаның нақты себептері тергеу нәтижесінде белгілі болады. Бұл үй газ плиталарын пайдалануға арналған. Алайда пәтерге қосымша газбен жұмыс істейтін су жылытқыш орнатылған. Мұндай үйлерде бұл жабдықты орнату қарастырылмаған, – деді Нұрбек Рахманов.