Оқиға куәгерлері түсірген видеолар әлеуметтік желі арқылы таралды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Шымкент қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, жанжалға қатысушылардың барлығының жеке басын анықтауға көп уақыт жұмсаған.
Дәмханаға келген қонақтар мен күзетшілер арасында жанжал шығып, соңы көшедегі төбелеске ұласқан. Оқиға кезінде қатысушылар көлік жүретін жолдың дәл ортасында жұдырықтасқан.
Жанжал алдымен дәмхананың ішінде басталған. Кейін екі тарап мәселені сыртқа шығып шешуге келіскендей, көшеге шығып, төбелесті жалғастырған.
"Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілердің бірі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", – делінген полиция таратқан хабарламада.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, кеше Ақтауда өткен тойдың соңы төбелеспен аяқталды. Жанжалға қатысқан 6 күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.