Шымкентте биылғы 10 айда 31 111 адам жұмыспен қамту шараларына қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осылайша, қала бойынша бекітілген жоспар 99,1 пайызға орындалды.
Қала әкімдігінің мәліметінше, мемлекеттік бағдарламалар аясында 21 952 адамды жұмыспен қамту шараларымен қамту жоспарланса, нақты 22 687 азамат қатысты. Оның ішінде 5 143 азамат кәсіптік оқытуға жіберілді. Олардың 4 405-і Enbek.kz порталы арқылы онлайн білім алған.
Кәсіпкерлікті дамыту бағытында 2 782 адамға қолдау көрсетілді. Оның ішінде 2 679 азамат "Бастау Бизнес" жобасы бойынша оқытылды. Ал әлеуметтік осал топтағы 103 адамға 400 АЕК-ке дейінгі мөлшерде қайтарымсыз грант берілген. Алайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұйрығына сәйкес грант беру тоқтатылған.
Субсидияланатын жұмыс орындарына 3 605 адам орналастырылды. Оның ішінде 1 659 адам "Жастар практикасына", 102 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 1 538 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға, 306 адам "Күміс жас" жобасына тартылды.
Бұдан бөлек, 11 156 азамат тұрақты жұмысқа орналасқан. Қазір Enbek.kz электрондық еңбек биржасында Шымкент бойынша 4 мыңнан астам бос жұмыс орны жарияланған.
Сондай-ақ қалада жүзеге асырылып жатқан даму жоспарлары мен жеке бастамалар аясында тағы 8 424 адам жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде 1 505 жұмыс орны түрлі тұжырымдамалар аясында құрылса, 6 919 адам жеке бастамалар негізінде ашылған жұмыс орындарына орналасқан.