Шымкентте жыл басынан бері 213 егіз және 4 үшем дүниеге келді

603

Үшем дүниеге келген ана он баланың анасы атанды.

Шымкентте жыл басынан бері 213 егіз және 4 үшем дүниеге келді Фото: gov.kz

Шымкентте демографиялық өсім жалғасып келеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жыл басынан бері қалада 20 мыңнан астам сәби дүниеге келген. Олардың арасында 213 егіз және төрт үшем бар.

Жуырда Шымкент қалалық перинаталдық орталығында жеті баланың анасы 36 жастағы Ажар Ташқараева үшемді дүниеге әкелді. Альсия, Сафия және Аймұхаммед есімді сәбилердің жағдайы жақсы. Бұған дейін екі рет егіз босанған әйел осылайша он баланың анасы атанды.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, биыл ана мен бала өлімі көрсеткіші 23,6 пайызға төмендеген. Бұған жүкті әйелдерді ерте есепке алу, диагностикалық тексерулерден уақытылы өткізу және жүктілікті тұрақты бақылау ықпал еткен.

Қазір қалада босандыру қызметін көрсететін төрт медициналық ұйым жұмыс істейді. Оның үшеуі үшінші, біреуі екінші деңгейдегі перинаталдық көмек көрсетеді. Мұнда жоғары қауіп тобындағы жүкті әйелдерге және ерекше күтімді қажет ететін нәрестелерге медициналық көмек көрсетіледі.

Сонымен қатар Шымкентте 200 орындық жаңа перинаталдық орталықтың құрылысы жүріп жатыр. Заманауи кешен халықаралық стандарттарға сай салынып, зертханалық-диагностикалық бөлімшемен жабдықталады. Нысанды 2027 жылдың төртінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланған.

Жаңа орталықтың іске қосылуы қаладағы босандыру қызметінің мүмкіндігін кеңейтіп, ана мен балаға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға тиіс. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу