Бұған дейін таңдалған компания міндетін тиісті деңгейде орындай алмағандықтан, онымен жасалған келісімшарт бұзылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Ұлттық арнаға сілтеме жасап.
Енді мемлекеттік сараптаманың қорытындысы шыққан соң жаңа мердігер құрылысқа кіріспек. Ал бұрынғы компанияға төленген авансты қайтару үшін сотқа талап арыз берілген.
– Келісімшарттың талаптарына сәйкес алғашқы аванстық төлем жүргізілген. Қазір ол алғашқы мердігермен келісімшарт үзілгеніне байланысты аванстық төлемді қайтару бойынша сотқа талап-арыз жолданды, – деп мәлімдеді қалалық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ердәулет Әжібаев.
Қолданыстағы мәдениет нысанының салынғанына қырық жылдан асқан. Көрермен залы 330 орынға есептелген, ал шағын сахна көлемді қойылымдарға тарлық етеді.
Бұған қоса, ғимараттың акустикалық және техникалық мүмкіндігі бүгінгі талапқа сай емес. Театр ұжымы соған қарамастан ұлттық және әлемдік классиканы сахналап, шығармашылық жұмысын жалғастырып келеді.