Сапаға қойылатын қатаң талапқа сай өндіріс енді өнімін кәрі құрлық елдеріне шығаруға мүмкіндік алды. Алғашқы қадам ретінде қант диабетінің 2-типін емдеуге қолданылатын препарат өндіріліп, Болгарияға жөнелтілгелі жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты Ұлттық арнаға сілтеме жасап.
Биыл елдегі фармацевтикалық өндіріс көлемі 126 млрд теңгеден асып, бір жылда 30 пайызға артқан. Мемлекет басшысы Жолдауында отандық дәрі-дәрмектің түрі мен санын көбейтуді тапсырған еді. Бүгінде бұл талапқа сай өндіріс көлемі ғана емес, отандық фармөнімнің экспорттық әлеуеті де артып келеді. Мәселен Шымкенттегі фарм зауыт Еуропаның GMP сертификатын алып, өнімнің алғашқы партиясын Болгарияға жөнелтпек.
Елдегі ең ірі фарм зауыт бүгінде 14 фармакотерапиялық топ бойынша 380-нен астам дәрі шығарады. Өнімнің 90 пайызы ішкі нарықты қамтиды. Биыл 8 айда зауытта 33 миллион дана препарат өндірілген. Таблетка мен капсуладан бастап, антибиотиктер, инъекциялық және сұйық препараттарға дейін бар. Әр өнім түрі жеке технологиялық желіде өндіріледі.
Кәсіпорын алдағы уақытта дәрілерін Франция, Германия және Ұлыбритания нарығына шығаруды жоспарлап отыр.