Қытай АҚШ-ты ынтымақтастықты кеңейтуге шақырды

792

"Дүниежүзіндегі бейбітшілікті нығайту үшін Қытай мен АҚШ бір-бірімен тіл табысуды үйренуі керек", – деді ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин. Ол екі ел арасындағы ынтымақтастық пен байланысты кеңейтуге шақырды.  

Қытай АҚШ-ты ынтымақтастықты кеңейтуге шақырды Фото: REUTERS

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин АҚШ-ты ынтымақтастықты кеңейтуге шақырды.

"Дүниежүзіндегі бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін екі ел бір-бірімен тіл табысудың жолдарын табуы керек. Бүгінгі күні бейбітшілік пен тыныштықтың бұзылғаны бәрімізге аян. Сондықтан АҚШ пен Қытай бірге халықаралық тұрақтылыққа ықпал етуі керек", – делінген 27 қазандағы Қытай басшысының Жолдауында.

Вашингтон мен Бейжің арасындағы қарым-қатынас қазіргі уақытта Тайванның мәртебесі мен Ресейдің Украинаға қарсы соғысына деген әртүрлі көзқарастарына байланысты шиеленіскені мәлім. Бейжіңнің наразылығына қарамастан АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасының төрағасы Нэнси Пелоси мен американдық конгрессмендер тобының Тайваньға жасаған сапарлары отқа май құйғандай болды. Оған қоса Тайваньға неміс Бундестаг депутаттарының делегациясы келгені бар.

Дегенмен бүгін Қытай басшысы қақтығысты емес, бейбітшілік қалайтынын білдірді, бірақ сол келісімге қалай жетуге болатынын айтпады. Аралға АҚШ тарапынан әскери, қаржылай көмек одан әрі жалғасын тапса, Қытайдың ойы қалай өзгеретіні белгісіз.

Сидің айтуынша, "Екі әлемдік держава – Қытай мен АҚШ арасындағы байланыс пен ынтымақтастықты нығайту жаһандық тұрақтылықты сақтауға және бүкіл әлемде бейбітшілік пен ілгері дамуға жол ашады".

ҚХР төрағасы оның елі "екі елдің жаңа дәуірде бір-бірімен тіл табысуына мүмкіндік беретін жолдарды іздеуде өзара құрмет пен бейбіт қатар жүрген жағдайда АҚШ-пен ынтымақтасуға" дайын екенін атап өтті.

"Бұл тек АҚШ пен ҚХР-дың ғана емес, бүкіл әлемнің игілігі үшін, – деп атап өтті Си Цзиньпин.

Қытай Тайваньды бүлікшіл провинция деп санайды және қажет болған жағдайда оны күшпен бақылауға алатынын бірнеше рет ескерткен. АҚШ Тайванның тәуелсіздігін ресми түрде мойындамайды, бірақ қол ұшын беруден аянбайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу