Си Цзиньпин юаньды әлемдік резервтік валютаға айналдыруға ниетті

267

Қытай басшысының мақаласы жарыққа шықты. 

Си Цзиньпин юаньды әлемдік резервтік валютаға айналдыруға ниетті Фото: РИА Новости / Алексей Никольский

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин юаньды әлемдік резервтік валютаға айналдыру керек деп отыр. Оның бұл пікірі Қытай Коммунистік партиясының "Цюши" журналындағы мақалада жарияланған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "Интерфакс" агенттігіне сілтеме жасап.

Си Цзиньпиннің айтуынша, Қытайға халықаралық саудада, инвестицияларда, валюталық нарықтарда кеңінен қолданылатын мықты валюта қажет. Ол резервтік валюта мәртебесін де алуы тиіс. Осыған байланысты ҚХР төрағасы елде қаражатты тиімді басқара алатын мықты орталық банк болуы керек екенін атап өтті.

Қытай басшысы юаньды халықаралық деңгейге шығару қажеттігін бірінші рет айтып отырған жоқ.  Financial Times жазуынша, Си Цзиньпин тиісті пікірін 2024 жылы аймақтық жоғары лауазымды шенеуніктерге жолдаған мәлімдемесінде айтқан, алайда 31 қаңтарға дейін олар жарияланбады.

Си Цзиньпиннің мақаласы әлемдік нарықтарда белгісіздік күшейген тұста жарияланды. Доллардың әлсіреуі, алдағы уақытта Федералдық резерв жүйесі басшылығының ауысуы, геосаяси және сауда-саттық шиеленістері әлемдік орталық банктерді долларлық активтерге деген тәуелділікті қайта қарауға итермелеген.

"Қытай әлемдік тәртіптің өзгеруі мүмкін екенін көріп отыр", – деді Pantheon Macroeconomics сарапшысы Кевин Лам.

Экономист Қытай басшысының юаньға ерекше көңіл бөлуін әлемдік тәртіптегі жаңа өзгерістермен байланыстырады.

Халықаралық валюта қорының дерегіне сәйкес, былтырғы үшінші тоқсанда әлемдік резервтердегі юань үлесі 1,93% болған. Бұл – барлық валюталар арасындағы алтыншы орын. Долларға 57% тиесілі болса, ал еуроның үлесі – шамамен 20%.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу