Сианьнан шыққан халықаралық туристік пойыз Алматыға келді

178

Халықаралық бағдардың ерекшеліктерін ескере отырып, пойыз қозғалысына арналған арнайы кесте әзірленді.

Сианьнан шыққан халықаралық туристік пойыз Алматыға келді Фото: railways.kz

Қытайдан келген туристерді қарсы алу құрметіне перронда ұлттық өнер көрсетіліп, салтанатты рәсім өтті. "Алматы-2" теміржол вокзалына "Сиань-Алматы" бағытындағы алғашқы халықаралық туристік пойыз келіп жетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Іс-шараға қос елдің мемлекеттік және көлік салаларының өкілдері қатысты.

"Ұлттық тасымалдаушы "Сиань – Алматы" бағытындағы халықаралық туристік пойыздың жолаушыларын қарсы алуға қуанышты. Пойыздың Қазақстан аумағымен қауіпсіз және үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында жан-жақты дайындық жұмыстары жүргізілді", – деді "ҚТЖ" ҰК" АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Әнуар Ахметжанов.

Туристік делегация құрамында 246 адам бар. Олардың қатарында кәсіпкерлер, ғалымдар, мәдениет пен спорт саласының танымал өкілдері бар. Қытайлық қонақтар бес күн бойы еліміздің оңтүстік астанасының тарихи-мәдени ерекшеліктерімен танысып, түрлі шараларға қатысады. Пойыз 7 маусым, сағат 18:30 Сиань қаласына жолға шығады.

Аталған жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени қарым-қатынасты тереңдетіп, туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған маңызды бастама ретінде бағаланады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып отырған бастама – теміржол туризмін дамыту және Қазақстанның халықаралық туристік мәртебесін арттыруға бағытталған басым жобалардың бірі.

Пойыз Үрімжі қаласы арқылы өтіп, Қорғас халықаралық шекарасына тоқтады. Мұнда пойыздың дөңгелек жұптары ауыстырылды. Одан әрі пойыз Алтынкөл станциясы арқылы Алматы қаласына келіп жетті. Туристік пойыз жобасы "ҚТЖ" ҰК" АҚ бастамасымен жүзеге асырылып, оған Шэньси провинциясы үкіметі, Сиань қаласының және Алматы қаласының әкімдіктері, ҚР Туризм және спорт министрлігі мен ҚР Сыртқы істер министрлігі қолдау көрсетті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу