СІМ: Қазақстан Бейбітшілік кеңесіне қаржылық жарнасыз қосылды

115

Министрлік тек ресми дереккөзге сүйенуге шақырып отыр.

СІМ: Қазақстан Бейбітшілік кеңесіне қаржылық жарнасыз қосылды Фото: Kazpravda.kz

Бейбітшілік кеңесінің жарғысында көрсетілген 1 млрд доллар көлеміндегі ерікті жарна мүшелік шарты емес. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қазақстанның Бейбітшілік кеңесіне қосылуы еліміздің ұлттық мүдделеріне толық сәйкес келеді және диалогты дамытуға, халықаралық қауіпсіздікті қолдауға, көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған сыртқы саясатымыздың стратегиялық бағытымен үйлеседі. Мемлекет басшысы бұл бастаманы нақты әрі жедел нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған өзекті қадам ретінде бағалады. Президентіміз атап өткендей, бейбітшілік мазмұнсыз декларациялар арқылы емес, нақты іс-қимылдар арқылы орнығуы тиіс. Қаржыландыру мәселесіне келсек, Қазақстан Бейбітшілік кеңесіне ешқандай қаржылық жарнасыз қосылды. Жарғыда көрсетілген 1 млрд доллар көлеміндегі ерікті жарна мүшелік шарты болып табылмайды. Бұл – әрбір қатысушының дербес құқығы", – деді ведомство өкілі.

Ерлан Жетібаевтың айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдарында әскери контингент жіберу туралы мәселелер талқыланып жатыр. Осы тұста СІМ өкілі тек ресми дереккөзге сүйенуге шақырды.

"Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстан халықаралық тұрақтандыру күштерін қолдауға дайын екенін мәлімдеді. Атап айтқанда, далалық госпиталі бар медициналық бөлімшелерді, сондай-ақ азаматтық әскери үйлестіру орталығына бақылаушылар жіберу мүмкіндігі қарастырылуда. Яғни операцияның тек гуманитарлық құрамдас бөлігі туралы айтылып тұр. Жолдау туралы шешім қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң қабылданады. Бұдан бөлек еліміз гуманитарлық азық-түлік көмегін көрсетуге, палестиналық студенттер үшін қазақстандық жоғары оқу орындарында 5 жыл мерзімге 500 білім грантын бөлуге, сондай-ақ электронды үкімет саласындағы тәжірибесімен бөлісуге дайын", – деп атап өтті ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу