СІМ: Қазақстан Өзбекстанмен шекараны шегендеу процесін толық аяқтады

495

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында "Екі ел арасындағы Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы шартты ратификациялау туралы" Заңы қабылданды, деп хабарлайды inbusiness.kz.  

СІМ: Қазақстан Өзбекстанмен шекараны шегендеу процесін толық аяқтады Фото: otyrar.kz

"Мемлекеттік шекараны халықаралық-құқықтық ресімдеу еліміздің ұлттық қауіпсіздігін нығайтуға ықпал ететін Қазақстанның сыртқы саясатының стратегиялық бағыттарының бірі болып саналады. Өзбекстанмен арада шекараны заңды ресімдеу процесі 2022 жылғы 22 желтоқсанда екі ел президенттерінің Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы шартқа қол қоюымен аяқталды. Шекараны шегендеу 2001 және 2002 жылғы Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасы туралы шарттар негізінде жүргізілді", - деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко.

Ол шегендеу бойынша келіссөздер процесі 2003 жылы басталғанын айтты. Шекаралық белгілерді жергілікті жерде орнату бойынша жұмыстар 2004 жылдан 2021 жылға дейін жалғасты. 19 жыл ішінде Қазақстан-Өзбекстан бірлескен шегендеу комиссиясының 100 отырысы және бірлескен шегендеу жұмыс тобының отыз төрт кездесуі өтті.

"Шегендеу жұмыстардың нәтижелері бойынша шекараның ұзындығы 2 356 шақырымды құрады. Шекара сызығында 1301 белгі орнатылды. "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Заңына сәйкес, Шарт ратификациялауға жатады. Осыған байланысты Сенаттың қарауына тиісті заң жобасы енгізіліп отыр. Қазақстанның сыртқы саяси мүдделері тұрғысынан Шарттың күшіне енуі Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекара сызығының жергілікті жерде белгіленуін заңды бекітуге, екі ел арасындағы мемлекеттік шекараны халықаралық-құқықтық ресімдеу процесін аяқтауға, мемлекеттік шекара ауданында қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға, екіжақты әрі өңіраралық және шекара маңындағы өзара іс-қимылды нығайтуға ықпал етеді", - деді министрдің орынбасары.

Оның сөзінше, Қазақстанның Қытаймен шығыстағы шекарасы 20 жыл бұрын тиісті халықаралық шарттармен межеленді және шегенделді. Бұдан басқа, Қырғызстанмен және Түрікменстанмен мемлекеттік шекараны межелеу және шегендеу туралы шарттар да жасалды. Сонымен бірге, былтыр Түрікменстанмен арада теңіз мемлекеттік шекарасын межелеу туралы шарт күшіне енді. Осы орайда Өзбекстанмен арада шекараны шегендеу туралы шарттың күшіне енуі арқылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын оңтүстік бағытта заңды ресімдеу процесінің толық аяқталғанын айтуға болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу