Астанада ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен зейнетақы жүйесін жетілдіру мәселелері жөніндегі арнайы жұмыс тобының отырысы өтті. Оған мемлекеттік органдардың, сарапшылар қауымдастығының және салалық ұйымдардың өкілдері қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жұмыс тобының қарауына зейнетақы жүйесінің сингапурлық моделінің жобасы ұсынылды. Аталған модель міндетті зейнетақы капиталын қалыптастыруды көздейді және азаматтарға зейнет жасына дейін жинақтың бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға, білім алуға, медициналық шығындарды өтеуге және инвестициялауға пайдалану мүмкіндігін береді.
Бұл ретте аударылатын қаражат үш шотқа бөлінеді, олардың біреуі жеңілдетілген тетік арқылы тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған.
Сонымен қатар талқылау барысында бірқатар сарапшылар ұсынылған модельдің әлеуметтік осал топтардың, оның ішінде мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналардың мүдделерін қаншалықты толық ескеретініне қатысты пікірлерін білдірді. Отырысқа қатысушылар аталған модельдің осы санаттағы азаматтардың зейнетақымен қамсыздандыру деңгейіне ықпалын жан-жақты қосымша зерделеу қажеттігін атап өтті.
Қазіргі уақытта жұмыс тобының қарауында зейнетақы жүйесін жаңғыртуға қатысты өзге де тәсілдер бар.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры азаматтың орташа айлық табысының медианалық жалақыға қатынасына және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу ұзақтығына қарай есептелетін әлеуметтік зейнетақы төлемін енгізу тетігін ұсынды. Бұл тәсіл зейнетақы жүйесіндегі ынтымақты құрамдасты күшейтуге бағытталған.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жұмыс берушінің аударымдарының 4%-ын азаматтың жеке зейнетақы шотына, ал 1%-ын ынтымақты (сақтандыру) құрамдасқа бағыттауды көздейтін модельді таныстырды. Мұндай тәсіл жинақтаушы қағидатты сақтандыру тетіктерімен және өмір бойғы төлемдер жүйесімен ұштастыруға мүмкіндік береді.
Еңбек министрлігі барлық ұсыныстар әзірге сараптамалық талқылау кезеңінде екенін атап өтті. Зейнетақы жүйесін реформалау бойынша түпкілікті шешімдер жан-жақты талдау аяқталғаннан кейін қабылданады.