Еттің барлық түрлерін өндіру көлемі 914 мың тоннаға дейін ұлғайды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Сенатта өткен Үкімет сағатында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты
"Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында негізгі бағыттар айқындалған. Олар: ветеринариялық қызметті жаңғырту; АӨК өнімдері үшін экспорттық нарықтарды ашу; цифрландыру; заңнаманы жетілдіру; мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыру; материалдық-техникалық базаны жақсарту және т.б. бағыттар. Ветеринариялық қызметтің негізгі міндеті – жануарларды аурулардан қорғау, ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының аумағын басқа мемлекеттерден жануарлардың жұқпалы және экзотикалық ауруларының әкелінуінен және таралуынан қорғау", – деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі.
Аманғали Бердалиннің айтуынша, республика аумағында 9,1 млн бас ірі қара мал, 23,7 млн бас ұсақ мал, 4,7 млн бас жылқы, 302 мың бас түйе және 569,0 мың бас шошқа тіркелген.
"Министрлік қабылдаған шаралардың арқасында еттің барлық түрлерін өндіру көлемі 914 мың тоннаға дейін ұлғайды, соған сәйкес сиыр еті мен қой етінің экспорты 60,8 мың тоннаға дейін өсті", – деді спикер.