Сауда және интеграция министрлігі сиыр еті мен әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, тамыз айының басынан бері Қазақстанда азық-түлік бағасының өсу қарқыны айтарлықтай баяулады.
"Егер екінші тоқсанда азық-түлік инфляциясы мен азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қызметтер инфляциясының айырмасы 4,6 пайыздық пунктті құраса, бүгінде бұл алшақтық 2,9 пунктке дейін қысқарды. Тек шілде-тамыз айларында азық-түлік бағасының өсуі 1,2 пайыздық пунктке жетті, ал тамызда азық-түлік инфляциясы бар болғаны 0,5% болды. Бұл азық-түлікке жатпайтын тауарлармен салыстырғанда екі есе, ал қызметтермен салыстырғанда үш есе төмен.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына ерекше көңіл бөлінуде. Азық-түлік қоржынына 160 атау кіреді, оның ішінде тек 19-ы мемлекеттік реттеуге жатады. Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі 108%-ды құрады, алайда тамыз айында өзгеріссіз қалды, ал қыркүйектің үш аптасында бар болғаны 0,2%-ға өсті", – делінген хабарламада.
Әсіресе, көкөністе оң динамика байқалады. Тамыз айының басынан бері бағаның өсу қарқынын орта есеппен 2,5 есеге төмендету мүмкін болды. Мәселен, шілдеде картоптың келісі 300 теңге болса, бүгінде 184 теңгеден сатылып жатыр. Бұл былтырғы деңгейден де төмен. Сәбіз 295 теңгеден 193 теңгеге, пияз 222 теңгеден 137 теңгеге арзандады.
Басқа да негізгі өнімдерге баға тұрақты. Жыл басынан бері сүт өнімдерінің бағасы небәрі 5,3%-ға өсті, бұл қалыпты көрсеткіш болып саналады. Қарақұмық 8,9%-ға қымбаттады, бірақ оның қоржындағы үлесі аз болғандықтан, жалпы индексіне әсері мардымсыз. Бұдан бөлек, рожки, ұн және күріш секілді тауарлар былтырғыдан арзан.
"Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар өнімдер ішінде баға динамикасына сиыр еті ең көп әсер етіп отыр.Бұл өнім дәстүрлі түрде тұтыну қоржынында маңызды үлеске ие және бағаның ауытқуы халық бюджетіне айтарлықтай ықпал етеді. Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміне кіретін жауырын-кеуде бөлігі ерекше сұранысқа ие. Ол азық-түлік тауарлары арасынан жалпы тұтыну инфляциясына әсері бойынша бірінші орында тұр – шамамен 2 пайыздық пункт. Жалпы ет бағасының индексі жыл басынан бері 25%-ға жуық болса, сиыр етінің жауырын-кеуде бөлігі 23,6%-ды құрады", – деп хабарлады министрлік.
Ведомство Қазақстандағы және шетелдегі сиыр етінің бағасына салыстырмалы талдау жүргізді. Оған сәйкес, 2023 жылдың желтоқсанында сиыр етінің жауырын-кеуде бөлігінің бір келісі орта есеппен 2506 теңге тұрса, 2024 жылдың қыркүйегінде 2549 теңге, ал желтоқсанда 2572 теңге болды.
"Яғни, жыл бойы баға жанар-жағармай мен электр энергиясы тарифтерінің өсуіне байланысты өзіндік құн артқанына қарамастан, іс жүзінде тұрақты сақталды. Кейбір кезеңдерде өнім өзіндік құнынан да төмен сатылды, бұл азық-түліктің маңызды санаттары бойынша бағаны ұстап тұру шараларының қабылданып жатқанын көрсетеді. Өзге елдермен салыстыру үшін мына деректер ұсынамыз. Бүгінде Қазақстанда сиыр етінің жауырын-кеуде бөлігінің бір килограмының орташа бағасы 4 715 теңгенң құрайды. Салыстыру үшін, Ресейде 10 180 теңге, Өзбекстанда 5 227 теңге, Арменияда 5 112 теңге, Тәжікстанда 6 070 теңге, Беларусьте 4 480 теңге. Осылайша, өңір елдерінің басым бөлігімен салыстырғанда, Қазақстандағы баға ең қолжетімді деңгейде қалып отыр", – делінген ақпаратта.
Сауда және интеграция министрлігі бағаны тежеу мақсатында 15 мамырдан бастап тірі малды әкетуге тыйым салынғанын хабарлады.
"Бұл баға өсімін баяулатуға мүмкіндік берді. Егер ақпан–сәуірде өсім айына 3%-ды құраса, мамыр–шілдеде 1,4%-ға дейін түсті. Алайда қазақстандық етке көрші елдерде, әсіресе Өзбекстанда сұраныстың өсуі , сондай-ақ қайта өңделген етті экспорттау мүмкіндігі әкету көлемінің айтарлықтай өсуіне алып келді. Бүгінде сиыр еті экспорты 27 мың тоннаны құрап, өткен жылғы көрсеткіштен 3,2 есе жоғары болды", – делінген хабарламада.
Осыған байланысты Үкімет ішкі нарықты толықтыру шараларын қолдады. Жыл соңына дейін сиыр етін экспорттауға квота енгізу туралы шешім қабылданып, тек ет өңдеу кәсіпорындарына ғана сыртқа шығаруға рұқсат берілмек.
Бұған қоса, үш елден ірі қара мал етін импорттауға кедендік бажды нөлге теңестіру бастамасы қарастырылуда, сондай-ақ Ресей Федерациясынан да осындай ұсыныс түсті. Бұл ішкі қажеттілік пен саланың экспорттық әлеуеті арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді.
Өңірлерде азық-түлікке қолжетімділікті арттыру үшін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері жалғасуда. Жыл басынан бері 3,7 мыңнан астам жәрмеңке өткізіліп, фермерлерге тегін сауда орындары берілді. Негізсіз үстемелер мен артық делдалдарға қарсы күрес жұмысы жүріп жатқаны да белгілі болды.