"СҚ-Фармация" басқармасының бұрынғы төрағасына қатысты тергеу аяқталды – Алик Шпекбаев

1142

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев былтыр түрлі дәрежедегі 210 басшы қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді. 

"СҚ-Фармация" басқармасының бұрынғы төрағасына қатысты тергеу аяқталды – Алик Шпекбаев Фото: kyzmet.gov.kz

"Біз жазаның бұлтартпастығын толығымен қамтамасыз етеміз. Есептік кезеңде 25 аса ауыр және 1 368 ауыр қылмыстың, сондай-ақ жүйелі сыбайлас жемқорлыққа қатысты 112 фактінің жолы кесілді. Қазір сотта ұйымдасқан қылмыстық топ құру фактісі бойынша 4 іс қаралып жатыр. Түрлі дәрежедегі 210 басшы қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 722 адам сотталды. Оның ішінде бір облыс әкімі, 4 облыс әкімінің орынбасары, 2 жауапты хатшы, 2 комитет төрағасы, 1 елші, 5 судья, 10 аудан әкімі және олардың орынбасарлары бар. 5 вице-министр мен 5 комитет төрағасына, олардың орынбасарларына, сонымен қатар квазимемлекеттік сектордың 5 топ-менеджеріне қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр", – деді Алик Шпекбаев 

Агенттік төрағасының сөзінше, "Астана LRT" құрылысы кезінде бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша бірқатар лауазымды тұлға мен мердігер ұйымдардың басшыларына қатысты іс сотқа жолданды. 

"СҚ-Фармация" басқармасының бұрынғы төрағасына қатысты тергеу аяқталды. БТА банктің ісі бойынша 12 млрд теңгеден астам залал өтелді. Тағы 6,4 млрд теңге "Азық-түлік корпорациясы" АҚ басқармасының бұрынғы төрағасына қатысты қылмыстық іс аясында өтелді", – деді агенттік басшысы.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу