Қызметкерлердің әрекеті қызметтік әдеп нормаларын өрескел бұзу ретінде бағаланған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ресми дерекке сәйкес, былтыр Тайынша, Ақжар және Есіл аудандары әкімдіктерінде жұмыс істеген 6 қызметкер лудоманияға байланысты қызметінен шеттетілген. Ал 2026 жылдың басынан бері тағы 3 мемлекеттік қызметкер дәл осы себеппен жұмыстан шығарылған.
Ведомство өкілдері құмар ойындарға тәуелділік мемлекеттік қызмет саласында өзекті мәселеге айналып отырғанын атап өтті. Олардың айтуынша, бәс тігу мен казиноға әуестік тек қызметкер беделіне нұқсан келтіріп қана қоймай, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін де арттыруы мүмкін.
Қазақстан заңнамасына сәйкес, мемлекеттік қызметкердің әдеп нормаларына қайшы әрекеттері, соның ішінде құмар ойындарға қатысуы тәртіптік жауапкершілікке және қызметтен босатуға негіз бола алады.