Солтүстік Қазақстан облыстық табиғатты қорғау прокуратурасы есепке алынбаған және қорғаусыз қалған мыңдаған гектар орман алқаптарын анықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Орман кодексінің 51-1-бабына сәйкес өзге санаттағы жерлердегі табиғи өскен екпелер мемлекеттік орман қоры құрамына енгізілуге жатады.
Аталған нормаға қарамастан, Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің табиғи ресурстар басқармасының лауазымды тұлғалары жерлерді аудару және есепке алынбаған орман алқаптарына түгендеу жүргізу мәселесінде аудан әкімдерімен тиісті үйлестіруді жүзеге асырмаған.
"Прокурордың талабы бойынша жүргізілген түгендеу нәтижесінде Айыртау, Есіл, Жамбыл, Қызылжар, Мамлют және Тимирязев аудандарында мемлекеттік орман қорынан тыс қорғаусыз қалған 9 мың гектардан астам орманды жерлер анықталды", – делінген прокуратура хабарламасында.
Прокурорлық қадағалау актісінің негізінде әкімдік барлық мүдделі органдардың қатысуымен комиссия құрып, анықталған учаскелерді мемлекеттік орман қоры құрамына енгізу бойынша нақты мерзімдер мен жауапты орындаушыларды белгілеу арқылы жол картасы әзірленді.
"Комиссияның қабылдаған шаралары нәтижесінде Қызылжар орман шаруашылығы құрамына 46,2 гектар орманды жерлер енгізілді, қалған учаскелер бойынша жұмыстар жалғасуда. Өз міндеттерін тиісінше орындамаған 4 лауазымды тұлға тәртіптік жауаптылыққа тартылды", – делінген хабарламада.
Мемлекеттік орман қорын кеңейту арқылы экологиялық жағдайды жақсартудағы Мемлекет басшысының айқындаған мемлекеттік саясаттың басымдығы екенін ескере отырып, жергілікті және уәкілетті органдардың қызметін үйлестіру мақсатында іс-шаралар өткізілді.