Мейірбике Айдана Бейсембаеваға қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалды, деп жазады inbusiness.kz сайты Қазақпаратқа сілтеме жасап.
СҚО сотының мәліметінше, апелляциялық алқа іс материалдарын қарап, бүгін Айдана Бейсембаеваға қатысты бірінші сатының үкімін өзгеріссіз қалдырды. Маусым айында сот медбикені кінәлі деп танып, екі жылға колония-қонысқа соттаған еді. СҚО мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты кәсіби міндетін тиісті деңгейде атқармаған медицина қызметкеріне жаза кесіп, ол сот залында қамауға алынды.
Айта кетейік, оқиға былтыр 13 маусымда болған еді. Коваленко отбасының 5 адамы кешкі ас кезінде ауылдағы дүкеннен сатып алынған тұшпара мен шұжық жеп, кейін уланып қалған. Олар жергілікті медициналық пукнтке барып, көмек сұраған. Мейірбике бірнеше рет келіп, тиісті ем-дом жасаған, алайда сол күні аудандық ауруханаға хабарлап, жеткізбеген. Екінші күні 3 жасар ұл мен 6 жастағы қыз бала қайтыс болды.
Тергеу қорытындысы бойынша 26 жастағы медбике Айдана Бейсенбаеваға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Қайтыс болған балалардың анасы да болған оқиғаға медициналық қызметкерді кінәлады.
Сот үкімі заңды күшіне енді.