Солтүстік Қазақстанда қаңғыған иттер малға шауып жатыр

149

Бескөл ауылының тұрғыны қорадағы малын ит талап кеткенін айтты.       

Солтүстік Қазақстанда қаңғыған иттер малға шауып жатыр Фото: Видеодан скриншот

Қызылжар ауданында бұралқы иттердің көбейіп кетуі ауыл шаруашылығына зардабын тигізіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

 – Аула биік қоршаумен қоршалған. Қалай кіргенін білмеймін, қаңғырған иттер қошқарды талап, ішін жарып кетті, – дейді ер адам.

Бескөл тұрғыны Серікбай Жамансалимов те қаңғырған иттерден зардап шегіп отыр. Иесіз иттер оның да құс қамауына кіріп, 44 тауығын қырып тастапты.

 – Бұл ауылда тұрып жатқаныма біраз болды. Тек биыл ғана қаңғырған иттер маза бермей жатыр. Аудандық полиция бөліміне арыз жаздым. Бірақ еш нәтиже жоқ. Бұралқы иттердің саны көбейіп жатыр. Қазір мал-құсқа шапса, ертең адамдарды таламасына кім кепіл, – деді ол.

Ал СҚО ветеринария басқармасының мәліметінше,"Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" Заңға сәйкес, бұралқы иттер мен мысықтардың саны – оларды ұстау, стерилизациялау, чиптеу, вакцинациялау және табиғи ортасына қайта жіберу арқылы ғана реттеледі.

 – Қызылжар ауданында әзірге қаңғырған жануарларды уақытша ұстау пункттері жоқ, сондықтан бұл жануарларды уақытша ұстау мүмкін емес. Аудан әкімдігі Ольшанка ауылынан 110 итке арналған уақытша ұстау пунктін салу үшін жер телімін бөлді, бүгінде жобалық-сметалық құжаттама әзірлеген. Ал үй жануарларын күтіп-бағу және серуендету қағидаларын бұзғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 407-2-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделгенін еске саламыз, – деді басқарма мамандары.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу