СҚО-ға биыл жұмыс күші артық өңірлерден 2 556 адам келмек

641

Солтүстік Қазақстан облысы "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасының аясында биыл 2 685 адамды қабылдамақ, олардың 129-ы – қандастар, деп хабарлайды inbusiness.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

СҚО-ға биыл жұмыс күші артық өңірлерден 2 556 адам келмек

СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, былтыр жұмыс күші артық өңірлер – Түркістан, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстарынан және Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан облыстың 139 елді мекеніне 784 отбасы, 2 943 адам ден көшіп келді. Олар облыстың барлық аудандары мен Петропавлға орналастырылды. Сондай-ақ қоныс аударушыларды қабылдау квотасына енгізілді. Көшіп келген 784 отбасының 74% ауылдық жерлерде, қалғаны қалада тұрып жатыр.

"2 943 адам қоныс аударса, соның еңбекке қабілетті жастағысы 1 316 адам, 720 адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды, ал 215-і кәсіпкерлікпен айналысып жатыр. 129 адам әлеуметтік демалыста. Биыл азаматтарды көшіру "Қуатты өңірлер-ел дамуының драйвері" ұлттық жобасы аясында жалғасады. 2022 жылға 2 685 адамға квота бекітілген, оның ішінде жұмыс күші артық өңірлерден 2 556 адам келмек. Ал 129 азаматтың қандас мәртебесі бар", – дейді СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бастығының орынбасары Ринат Елжасов.

Жыл басынан өңірге 449 адам – 114 отбасы қоныс аударды. Олардың 170-і – еңбекке жарамды, 94 адам жұмысқа орналасса, біреуі өз ісін бастаған. Маманның айтуынша, бүгінгі таңда облыста еңбек нарығында мамандарға сұраныс жоғары. Электрондық еңбек биржасында 2,5 мыңнан астам бос жұмыс орны тіркелген.

"Былтыр облысқа 65 қандас қоныс аударды. Олар Қытай Халық Республикасынан, Моңғолиядан, Өзбекстаннан, Ресей мен Ираннан келді. Биыл 129 адамды қабылдаймыз деп отырмыз. Жыл басынан 23 отбасы – 45 адам келді. Олардың 17-сі – еңбекке қабілетті. Тоғызы жұмысқа орналастырылды. Өзбекстаннан 13 отбасы, Ресейден – 6, Қытайдан – 3 және Ираннан 1 отбасы көшіп келді", – дейді Ринат Елжасов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу