Скриптонит туған ауылдың атауы өзгерді

Енді кент Атамекен деп аталады.

Скриптонит туған ауылдың атауы өзгерді Фото: inbusiness.kz

Павлодар қаласының іргесіндегі Ленин кентінің атауын өзгерту мәселесі соңғы бірнеше жыл бойы қызу талқыланып келеді. Бүгін қоғамдық тыңдау өтіп, соның барысында жергілікті қауымдастық өкілдері Атамекен атауын қолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Бұл елді мекен 1914 жылы №7 әкімшілік ауыл ретінде құрылған болатын. Ал 1965 жылы оның атауы Ленин кенті болып өзгерді. Тәуелсіздік алған соң ауыл атауын қазақшаландыруға қатысты ұсыныс бірнеше рет қаралды. Мәселен, 2008 жылы сол тұстағы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Арын Қазанғап бидің есімін беруді ұсынды. 2016 жылы бұл мәселе тағы қаралып, қоғамдық тыңдау өтті. Алайда сол кезде тек 8 адам қолдап, 15 тұрғын қарсылық танытты. Сөйтіп, атауды жаңарту тағы кейінге шегерілді. 

Осыдан біраз уақыт бұрын кент, қала әкімінің жұртшылықпен жүздесуі барысында бұл тақырып тағы тілге тиек етілді. Кент әкімі Маржан Алшымбаеваның айтуынша, 20-ға жуық атау ұсынылды. Олардың ішінен жиі кездесетін  Қазанғап, Бидайық, Атамекен, Ынтымақ, Қазына, Жетінші ауыл атаулары және атауды өзгертпеу нұсқасы таңдалды. Кейін арнайы құрылған комиссия бүгінгі қоғамдық талқылауға Қазанғап би және Атамекен атауларын шығарды. 

Басқосуға жергілікті қоғамдастық мүшелері, кент тумалары мен тұрғындары жиналып, пікірлерін білдірді. 

Мәселен, кент тұрғыны Қайырбек Мұхамедияров Атамекен атауын қолдайтынын айтты.

"Қазанғап атамыздың тау тұлға болғанында дау жоқ. Десе де, елді біріктіру үшін Атамекен аталуы керек. Ертеңгі күні ұрпағымыз ұлтына, тіліне қарамастан "Осы менің Атамекенім" десе, жақсы емес пе?!", - деді ол. 

Жергілікті қауымдастық осы және өзге де пікірлерді ескере отырып, шешім шығарды. Дауыс беруге жергілікті қоғамдастықтың 50 мүшесі қатысып, 49 адам Атамекен атауын құптады. Біреуі дауыс беруден қалыс қалды. Ал Қазанғап би атауына 48 адам қарсылық танытып, біреуі қолдап, тағы бірі дауыс бермеуді жөн көрді. Сөйтіп, 60 жылға жуық уақыт бойы Ленин атын арқалап келген кент енді Атамекен деп аталатын болды. Заңнама бойынша атауды өзгерту жұмысы 3-6 айға жалғасады. 

Бүгінде ауылда 10 мыңнан астам адам, оның ішінде 20-дан астам ұлт және ұлыс өкілдері тұрады.

Сонымен қатар Ленин кенті - Скриптонит есімімен танымал Әділ Жәлеловтің туған жері. Ол бұған дейін әлеуметтік желідегі парақшасында туған ауылындағы инфрақұрылымды бірнеше рет сынаған болатын. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу