Смайылов: Біз жаңа кен орындарын барлауға жұмсалатын салымдар бойынша артта қалып отырмыз

Өз міндеттемесін орындамайтын  жер қойнауын пайдаланушы компаниялардан лицензиялар алынып, келісім-шарттар бұзылуда.

Смайылов: Біз жаңа кен орындарын барлауға жұмсалатын салымдар бойынша артта қалып отырмыз Фото: primeminister.kz

Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов мәлім етті. 

"Геология саласын дамыту еліміздің минералдық шикізат базасын   толықтырудың және отандық өңдеу өнеркәсібін шикізатпен қамтамасыз етудің  негізі болып табылады. Жер қойнауын пайдаланушыларға "Кім бірінші келсе – сол бірінші алады" қағидаты бойынша тиісті лицензия алу тәртібі жеңілдетілді", – деген Үкімет басшысы. 

Оның айтуынша, жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеудің тиімділігін арттыру үшін   Геология саласын дамыту тұжырымдамасы қабылданды.

Геологиялық материалдардың ашық қолжетімді болуын қамтамасыз ететін   цифрлық ақпараттық онлайн-платформа іске қосылды.

Онда өтінімді беруден бастап, лицензия алуға дейінгі барлық рәсімдер көзделген.

"Қазір барлық кен орындары   тексерілуде. Өз міндеттемесін орындамайтын  жер қойнауын пайдаланушы компаниялардан лицензиялар алынып, келісім-шарттар бұзылуда. Жер қойнауын зерттеудің ғылыми базасы мен инфрақұрылымы барынша жаңартуды талап етеді.

Инвесторларды одан әрі тартуға қажетті геологиялық ақпаратты цифрландыру жұмыстары да аяқталған жоқ.

Білікті геологтар мен геодезист мамандар тапшы", – деді Смайылов. 

12 жыл ішінде  геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге 2 трлн теңгеден астам жеке инвестициялар салынған.

Үкімет басшысының айтуынша, соған қарамастан, біз жаңа кен орындарын барлауға жұмсалатын салымдар бойынша артта қалып отырмыз.

Аталған проблемаларды шешу үшін   қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер қабылданған. Премьер-Министр оларға жеке тоқталды. 

Бірінші, Индустрия министрлігі   ресурстық базаны ұлғайту, сирек кездесетін және сирек жер металдар негізінде жоғары технологиялық өнімдер өндірісін ұйымдастыру үшін Жол картасын әзірлеуі тиіс.

Екінші, Энергетика министрлігі   "Самұрық-Қазына" қорымен бірге 2 ай мерзімде заманауи технологиялық шешімдерді пайдалана отырып, газды кен орындарының тарихи деректеріне талдау жүргізуі қажет.

Үшінші, Индустрия, Ғылым және Энергетика министрліктері   жыл соңына дейін   ғылыми база 
мен   инфрақұрылымға   талдау жүргізуі керек. Нәтижесі бойынша оларды дамыту жөніндегі тиісті Іс-шаралар жоспарын әзірлеуі керек.

Төртінші, биылғы жылдың соңына дейін цифрлық даму, индустрия және энергетика министрліктері тарихи деректердің барлық түрлерін жан-жақты талдаудан өткізіп, онлайн-платформаның барынша мазмұнды болуын қамтамасыз етуі қажет.

Бесінші, 2023 жылдың соңына дейін Индустрия және Энергетика министрліктері жер қойнауын жосықсыз пайдаланушыларға шара қолдану арқылы барлық кен орындарына аудит жүргізуді аяқтауы тиіс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу