Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов Құрылтай отырысында ғылым саласындағы мемлекеттік аудит қорытындыларын таныстырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Алтыншы. Ғылымның нәтижелері формалды көрсеткіштермен бағаланады. Жобалардың нәтижелілігі көбінесе басылымдар, қорғау құжаттары және енгізу актілері негізінде расталады. Бірақ бұл көрсеткіштер нәтиженің жаңашылдығын, құқық иелілігін және іс жүзінде қолданылуын әрдайым дәлелдей бермейді. Гранттық және бағдарламалық нысаналы қаржыландыру жобалары бойынша 4 мыңға жуық қорғау құжаттары қабылданды. Бұл ретте өнертабысқа берілетін патенттер шамамен 10 процентті, Еуразиялық және халықаралық патенттер 1 процентті ғана құрады. Сонымен қатар 72 млрд теңгені құрайтын 164 жоба бойынша патент алуға 336 өтінім нәтиже ретінде қабылданған. Алайда өтінім патент алуды білдірмейді", – деді Әлихан Смайылов.
Оның мәліметінше, бағдарламалық нысаналы қаржыландырудың 18 жобасы бойынша 56 патент жобаларды іске асыруға қатыспаған ұйымдарға тиесілі екендігі анықталды.
Енгізу актілері де нәтижені әрдайым растай бермейді. 59 млрд теңгені құрайтын 434 жоба бойынша 1200-ден астам енгізу актісі ұсынылған. Оның жартысы білім беру процесіне қатысты, алайда мұндай енгізу технологиялық, өндірістік немесе өзге де қолданбалы нәтижеге қол жеткізуді растамайды, дейді ЖАП төрағасы.
"Жетінші. Ғылыми нәтиже енгізуге дейін жеткізілмейді. Жобаның қорытынды есебі қабылданғаннан кейін нәтиженің одан әрі қолданылуы жүйелі түрде бақыланбайды. Аудиторлық іріктеумен қамтылған 60 патент бойынша оларды пайдаланудың лицензиялық немесе өзге де шарттары жасалмаған. Қолданыстағы ғылыми тәжірибеде жобаны іске асыру іс жүзінде есеппен ғана аяқталады. Яғни, мемлекет түпкілікті технологиялық және экономикалық әсерін бермесе де, ғылыми жобаларды қаржыландырады.
Сегізінші. Коммерцияландыру ғылыми нәтижелердің нарыққа тұрақты шығуын қамтамасыз етпейді. Коммерцияландыру ғылыми циклдің әлсіз буыны болып отыр. Ғылым қорының мәліметі бойынша жобаларды коммерцияландыру көрсеткіші 44 процент. Есепті жылы объективті салыстырмалы есептеу кезінде оның 16 процент қана екені анықталды. Нақты нарықтық әсері де шамалы", – деп атап өтті спикер.
Айта кету керек, бұған дейін аудит нәтижелері ғылымды басқаруда бірқатар жүйелі проблеманың сақталып отырғанын көрсеткенін жазғанбыз.