Кадрдан көшеде өз жолымен кетіп бара жатқан жас қыздың артынан белгісіз әйелдің ілесе жүргенін байқау қиын емес, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Әдепкіде әйел өзге бағытқа бет алғандай әсер қалдырса да, қызды көрген соң бағытын өзгертіп, артынан ереді.
Оқиға 2026 жылдың 25 қаңтары күні сағат 03:21 шамасында Семей қаласының Қарағайлы шағын ауданындағы үйлердің бірінің кіреберісінде болған.
Жәбірленушінің сөзінше, бейтаныс әйел агрессивті мінез танытып, қорқыту сипатындағы сөздер айтқан. Соның арасында "Соқыр болғың келе ме?" деген сөз де болған. Қорыққан қыз дереу ағасына қоңырау шалды.
Автор оқиғаны видеоға түсіре бастағанын, содан кейін ғана әйел жағдайды керісінше көрсетіп, кінәні қыздың өзіне артпақ болғанын және түсірілімге наразылық білдіргенін хабарлады.
Абай облысы Полиция департаменті әлеуметтік желідегі жарияланымда көрсетілген деректерге байланысты полиция қызметкерлері тексеру жүргізгенін хабарлады.
Полицияның мәліметінше, оқиғаға қатысушылардың барлығы анықталып, түсініктеме алынған. 24 жастағы азаматшаға ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік іс қозғалды.
Сондай-ақ, азаматшаның профильді мамандардың арнайы есебінде тұруы ескеріліп, медициналық сипаттағы шараларды қолдану мәселесі заңнамада белгіленген тәртіппен қаралмақ.