Солтүстік Арал теңізін сақтау жобасының екінші кезеңі әзірленді

127

Жоба 2026-2029 жыл аралығында жүзеге асырылады.

Солтүстік Арал теңізін сақтау жобасының екінші кезеңі әзірленді Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Су ресурстары және ирригация министрлігі Дүниежүзілік банкпен бірлесіп Солтүстік Арал теңізін сақтау жобасының екінші кезеңін әзірледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Жобада Солтүстік Аралдағы су деңгейін Балтық жүйесі бойынша 44 метрге дейін көтеру үшін Көкарал бөгетін реконструкциялау көзделген. Нәтижесінде су айдынының аумағын 3 913 шаршы шақырымға дейін, ал су көлемін 34 млрд текше метрге дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Сонымен қатар министрлік Түркістан және Қызылорда облыстарындағы Арал-Сырдария бассейнінің ирригация жүйелерін жаңғырту және автоматтандыру бойынша 160-тан астам жобалау-сметалық құжат әзірлеп жатыр. Бұл жұмыстар суды тиімді пайдалануға мүмкіндік беріп, үнемделген су көлемін Солтүстік Аралға бағыттауға жағдай жасайды.

Қазіргі уақытта жоба ҚР Премьер-министрінің төрағалығымен жұмыс істейтін Халықаралық қаржы ұйымдарымен жұмыс жөніндегі үйлестіру кеңесінің қарауына ұсынылуда. 

Еске салайық, соңғы үш жылда Сырдария өзеніндегі су қоймаларының жұмыс режимін келісу және мемлекетаралық келісімдерді қатаң сақтау нәтижесінде Солтүстік Арал теңізіне 6 млрд текше метрден астам су келді. Соның нәтижесінде теңіздегі су көлемі 2022 жылдың соңындағы 18,9 млрд текше метрден 2025 жылдың соңына қарай 23 млрд текше метрге дейін артты.

"Мемлекет басшысы Солтүстік Арал теңізін сақтау мәселесінің маңызын бірнеше рет атап өтті. Былтыр Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасында трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы келісімге қол қойылды. Орталық Азия елдері үшін Солтүстік Аралды сақтау және қалпына келтіру – тек экологиялық мәселе ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік әрі стратегиялық міндет", – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу