Солтүстік Қазақстан облысында 3 теміржол вокзалы жаңғыртудан кейін ашылды

343

Жаңғыртылған нысандар өңірдің көлік қатынасы мен туризм әлеуетін күшейтеді.  

Солтүстік Қазақстан облысында 3 теміржол вокзалы жаңғыртудан кейін ашылды Фото: gov.kz

Солтүстік Қазақстан облысында күрделі жөндеуден кейін Жаңаесіл және Саумалкөл ауылдарында, сондай-ақ Тайынша қаласында үш теміржол вокзалы пайдалануға берілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жаңартылған нысандар еліміздің көлік инфрақұрылымын дамыту аясында жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобаның бөлігі болып табылады.

Салтанатты ашылуға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен ҚР Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов қатысты. Өңір басшысы вокзалдардың жаңғыртылуы жергілікті тұрғындар үшін маңызды екенін атап өтті.

"Мемлекет басшысы еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға және халыққа қолайлы жағдай жасауға ерекше мән беріп келеді. Президент тапсырмасымен, Үкіметтің қолдауының арқасында өңірлердегі инфрақұрылымды жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Осы жұмыстың нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысында Саумалкөл, Жаңаесіл және Тайынша теміржол вокзалдары кешенді түрде жаңартылып, заманауи талаптарға сай қайта жаңғыртылды", – деді облыс әкімі.

Вице-министрдің айтуынша, ел бойынша 124 теміржол вокзалы жаңғырту бағдарламасына енгізілген. Маусым айында шамамен 30 нысан пайдалануға беріледі, ал барлық жұмыстар қыркүйек айына дейін аяқталады деп жоспарланған.

Жаңаесіл станциясындағы вокзал 60 жылдан астам уақыт бұрын салынған. Жөндеу барысында ғимарат толық жаңартылып, жаңа жолаушылар платформасы салынды. Сонымен қатар жолаушыларға арналған залдар, ана мен бала бөлмесі және медициналық пункт іске қосылды.

"Біздің станциямыз, біздің ауылымыз үшін жасалып жатқан әрбір іске қуанып, қолдау білдіреміз. Бұл – біздің өміріміз, тағдырымыз және тарихымыз. 70 жыл бұрын осы жерде станция құрылған. Биыл мерейтой жылы, сондықтан біз, тұрғындар үшін бұл үлкен сыйлық", – деді ауыл тұрғыны Ибрагим Шаймерденов.

Саумалкөл ауылында күрделі реконструкциядан кейін теміржол вокзалы пайдалануға берілді. 1966 жылы салынған нысан соңғы рет 14 жыл бұрын жөнделген.

Бүгінде вокзал толық жаңартылып, заманауи талаптарға сай келетін деңгейге жеткізілді. Жаңғырту Айыртау ауданының туристік әлеуетін арттыруға да бағытталған. Аудандағы Имантау-Шалқар курорттық аймағы ішкі туризмнің дамуына ықпал етуде.

Сондай-ақ реконструкциядан кейін Тайынша станциясының вокзалы да алғашқы жолаушыларды қабылдады. 1958 жылы салынған ғимарат ауданның көлік жүйесінде маңызды рөл атқарады.

"Бізде 237 адам жұмыс істейді. Тайынша станциясы екінші класты станция болып саналады. Біз жүк және жолаушылар пойыздарын қабылдаймыз. Тәулігіне үш жолаушылар пойызына және 15-ке дейін жүк пойызына қызмет көрсетеміз", – деді теміржол станциясының бастығы Ержан Рахимов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу