Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданындағы емдік қасиетімен танымал Меңкесер көлінде тағы бір қайғылы жағдай болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Демалыс кезінде Петропавл қаласының 63 жастағы тұрғыны көз жұмды. Бұл – соңғы уақытта аталған көлде тіркелген екінші өлім жағдайы.
Әйел көлге туыстарымен бірге демалуға келген. Суға түсе бастаған сәтте оның кенеттен жағдайы нашарлаған. Оқиға куәгерлері бірден жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, әйелді аман алып қалу мүмкін болмады – ол көл жағасында көз жұмды.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
"Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тексеру аяқталғаннан кейін түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады", – деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.