Солтүстік Кипрде пышақ жарақатын алып, ауруханаға түскен 22 жастағы бойжеткеннің Қазақстан азаматы еместігі анықталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жергілікті БАҚ Никосия қаласындағы "Metropol" супермаркетінде пышақпен шабуыл салдарынан екі адам жарақат алғанын жариялады. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам белгісіз себеппен әйелді пышақтап өлтіруге әрекеттенген.
Шабуылдан кейін күдікті өзіне қол салмақ болған.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, зардап шеккен қыз Қазақстанда туғанымен, Қырғыз Республикасының азаматтығын алған.
– Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Солтүстік Кипрде болған оқиғада зардап шеккен азаматқа қатысты келесіні хабарлайды. Мәліметтерді нақтылау барысында зардап шеккен азаматтың Қазақстанда туғаны, алайда оның Қырғыз Республикасының азаматы екені анықталды, – деп жазылған ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде.
Полицияның баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, оқиға салдарынан ауыр жарақат алған әйел мен шабуыл жасаған ер адам Никосиядағы доктор Бурхан Налбантоғлу атындағы мемлекеттік ауруханаға жеткізілген. Қазіргі уақытта екеуі де ем-дом алып жатыр.
Полиция оқиғаның нақты себебі әзірге анықталмағанын мәлімдеді. Іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.