Такси жүргізушісінің қырағылығының арқасында телефон алаяқтары алдап алған 5 млн 970 мың теңге иесіне қайтарылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оқиға қаладағы көлік жуу орындарының бірінде басталған. Такси жүргізушісі Алматыға сөмке жеткізуі керек болған. Жолға шығар алдында сөмкеден жарма төгілгенін байқап, ішін тексерген. Сөмкеден қомақты ақша шыққан соң, ол полицияға хабарласқан.
Полиция қызметкерлері ақшаның иесін анықтап, онымен байланыс орнатты. Белгілі болғандай, Павлодар тұрғыны телефон алаяқтарының құрбаны болған.
Алаяқтар әйелге алдымен энергиямен жабдықтаушы ұйымның қызметкерлері ретінде қоңырау шалып, электр есептегішін ауыстыру сылтауымен SMS арқылы келген кодты айтқызған. Кейін өздерін электрондық үкімет қызметкерлері ретінде таныстырып, оның атына несие рәсімделгенін хабарлаған.
Қылмыскерлер несиені "жабу" үшін әйелді қолма-қол 5 млн 970 мың теңге беруге көндіріп, ақшаны курьер арқылы алдырып жіберген.
Такси жүргізушісінің қырағылығы мен Солтүстік полиция бөлімінің жедел уәкілдері Жеңіс Еркін мен Ернұр Жақсылықов жүргізген жедел іс-шаралардың нәтижесінде ақша толық көлемде иесіне қайтарылды.
Полиция азаматтарға бейтаныс адамдарға SMS арқылы келген кодтарды және басқа да құпия деректерді айтпауға шақырды. Күдікті қоңырау түскен жағдайда әңгімені тоқтатып, ұйымға ресми нөмірі арқылы өзіңіз хабарласу немесе 102 нөміріне қоңырау шалу қажет.