Қазақстанда соңғы үш жылда кәмелетке толмаған 7 мыңға жуық жасөспірім қылмыс жасаған. Бұл туралы Бас прокуратура таратқан ақпараттан белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бас Прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен Заңдылықты, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Ресми мәліметке сәйкес, соңғы үш жылда кәмелетке толмаған 7 мыңға жуық жасөспірім қылмыс жасаған. Олардың әрбір екіншісі ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатады. 2,5 мыңға жуық жасөспірім сотталған, тағы 3 мыңы полицияның профилактикалық есебінде тұр. Тек биылдың өзінде буллинг фактілері бойынша 2 мыңнан астам өтініш түскен.
Құрылтай Төрағасының орынбасары Динара Закиева қайталанған анықтау жағдайларын қоса есептегенде, 800 мыңнан астам баланың көмекке мұқтаж екенін атап өтті. Оларды жеке сүйемелдеу мақсатында отырысқа қатысушыларға "BALAZHAN" бірыңғай мемлекеттік платформасы таныстырылды. Платформа орталық деңгейде және өңірлерде анықталған әрбір баланың жағдайын, проблемалардың туындау себептерін және көрсетіліп жатқан қолдау шараларын бақылауға мүмкіндік береді.
Отырыс барысында кәмелетке толмағандар арасындағы нашақорлықтың алдын алу, сондай-ақ цифрлық құралдар арқылы тәуекел тобындағы балаларды ерте анықтау мәселелері де қаралды. Қауіп-қатерлерді ерте анықтау мақсатында Бас прокуратура "AiMap" IT-жүйесін сынақтан өткізді. Жүйе есірткі сататын интернет-ресурстарға тұрақты түрде кіретін оқушылардың аккаунттарын анықтауға мүмкіндік береді.
Бас прокуратураның "Саналы ұрпақ" жобасы аясында 10 айда 19 мың рейд жүргізіліп, 4 мың жасөспірім профилактикалық есепке қойылған. Түнгі уақытта ойын-сауық орындарында 2 400 бала анықталған. 304 кафенің алкоголь өнімдерін сату лицензиялары кері қайтарылған. Нәтижесінде жасөспірімдер арасындағы қылмыс деңгейі 7%-ға төмендеген.