Соңғы 4 тәулікте Алматыда 45 қылмыс тіркелді

273

Алматыда жаңажылдық мерекеде оқыс оқиға болған жоқ.  

Соңғы 4 тәулікте Алматыда 45 қылмыс тіркелді Фото: polisia.kz

Полицияның күшейтілген жұмыс режимі мен жедел әрекет ету қызметтерімен бірлесіп қимылдауының арқасында тұрғындар мен қала қонақтарының қоғамдық тәртібі мен қауіпсіздігі қамтамасыз етілді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматы қалалық ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Айтан Елеусізов осылай мәлімдеді.

Оның айтуынша, 15 желтоқсаннан бастап жеке құрам күшейтілген. Адам көп жиналатын орындарға – алаңдарға, саябақтарға, жаңажылдық және мәдени-бұқаралық іс-шара өтетін жерлерге тәртіп сақшылары көп назар аударыпты. 

Қаланың негізгі алаңдарында орнатылған барлық қалалық жаңажылдық шыршалар мен оларға іргелес аумақтар полицияның тұрақты бақылауында болды. Мереке күндері жаяу және автосақшылар жағы күшейтіліп, сақшылардың қосымша күштері, учаскелік инспекторлар мен мамандандырылған бөлімшелердің экипаждары тынбай жұмыс істеді.

1-4 қаңтар аралығында Алматыда 45 қылмыс тіркелді. Олардың 32-сі патрульдік полиция мен учаскелік инспекторлардың күшімен "ізі суымай" жатып ашылды.

Сонымен қатар, қоғамда дүрбелең тудыруы мүмкін аса ауыр қылмыстар мен құқық бұзушылықтарға жол берілген жоқ. Бұзақылық, сондай-ақ тұрмыстық және отбасылық-тұрмыстық жанжал сияқты негізінен мереке күндері жиілеп кететін құқық бұзушылық көп тіркелген екен. Барлық хабарламаға полиция дер кезінде назар аударған.

"Осы күндері қылмыстың алдын алуға көп көңіл бөлінді. Полицияның көшені, тұрғылықты жерлер мен қоғамдық кеңістіктерді барлап жүргені  қауіпсіздік пен тәртіпті сақтауға ықпал етті", – дейді Айтан Жанаманұлы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу