Соңғы қоңырау өткізудің талабы жарияланды

2474

Іс-шараның ұзақтығы 45 минуттан аспауға, жиынға қатысушылар маска тағып, арақашықтықты сақтауға тиіс, қол алысуға тыйым салынады.

Соңғы қоңырау өткізудің талабы жарияланды

Денсаулық сақтау министрлігі мектептерде соңғы қоңырау мен аттестаттарды тапсыру салтанаты қалай өтетінін түсіндірді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Мектептерде аталған іс-шаралар тек санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталған жағдайда ғана рұқсат беріледі.

"9, 11 (12) сынып түлектері үшін мектеппен қоштасу салтанаты (соңғы қоңырау, аттестаттарды тапсыру) тек ашық алаңда (таза ауада) өткізіледі.
Бұдан басқа ешқандай іс-шара өткізілуіне рұқсат берілмейді. Салтанатты жиынға мектеп түлектерінен басқа олардың ата-аналары немесе қамқоршысы (олардың саны бір адамнан аспауы керек), мектеп оқытушылары құрамынан тек 6 адам ғана қатыса алады", - деп жазылған министрлік баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Карантиндегі адамдарға (коронавирус жұқтырғандар немесе науқаспен байланыста болғандар) бұл іс-шараға қатысуға тыйым салынады.

"Мектеп аумағында адамдардың, қонақтардың (ата-аналар, жақын туыстар, қамқоршылар және тағы басқа) жиналуына жол берілмейді. Салтанатты жиын кезең-кезеңімен өткізіледі. Алдымен іс-шара мектеп аумағында тек бір сынып түлектері үшін ұйымдастырылады. Оның ұзақтығы 45 минуттан аспауы тиіс. Әр сынып үшін өткізілетін салтанатты  жиынның аралығы 30 минуттан кем болмауы шарт", - деп жазылған хабарламада.

Салтанатты жиын кезінде қол алысуға  тыйым салынады. Іс-шараға қатысушылар маска тағып, 2 метр арақашықтықты сақтауға тиіс. Іс-шараға қатысатын мұғалімдер, оқушылар жеке антисептиктерді пайдалануы керек. Соңғы қоңырау, аттестаттарды тапсыру салтанаты аяқталған соң көшеде, қоғамдық тамақтану орындарына баруға (мейрамхана, дәмхана және тағы басқа), бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салынады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу