Соңғы он айда инфляция екі есе баяулады - Смайылов

241

Осы жылдың он айының қорытындысы бойынша экономиканың өсімі 4,9%-ды құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 12,6%-ға ұлғайып, 13,3 трлн теңгені құрады.

Соңғы он айда инфляция екі есе баяулады - Смайылов Фото: freepik

Үкімет пен Ұлттық банктің шараларының арқасында инфляцияның деңгейі 10,8%-ға дейін баяулады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов "Қазақстандық мазмұны 2.0" халықаралық форумында айтты.

"Соңғы жылдардағы оқиғалар жаһандық және аймақтық экономикаға орасан зор әсерін тигізді. Күрделі сын қатерлерге қарамастан Қазақстан экономикасы сыртқы жағдайларға бейімделе алды және тұрақты өсу жолына түсті. Осы жылдың он айының қорытындысы бойынша экономиканың өсімі 4,9%-ды құрады. Негізгі салалар бойынша оң динамика қалыптасты. Негізгі капиталған салынған инвестициялар 12,6%-ға ұлғайып, 13,3 трлн теңгені құрады. Үкімет пен Ұлттық банктің шараларының арқасында инфляцияның деңгейі 10,8%-ға дейін баяулады, яғни екі есеге. Алдымызда ары қарай да осы көрсеткішті төмендету мақсаты тұр. Ол үшін отандық өндіріс көлемін ұлғайту — негізгі талаптардың бірі", — деді Үкімет басшысы.

Әлихан Смайылов, сонымен қатар, бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі іс-шаралар қабылданып жатқанын атап өтті. 

"Кәсіпкерлікті дамыту және оны қолдау — үкімет жұмысының негізгі бөлігі. Бизнестің мәселелері тұрақты түрде "Атамекен" палатасымен бірлесе шешіліп отырады. Шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі — 36,4%-ға ұлғайды. Осы секторда жұмыспен қамтылғандардың саны биыл 14%-ға өсіп, 4,3 млн адамды құрады. Бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі іс-шаралар қабылданып жатыр. Мәселен, бизнеске қойылатын артық талаптарды қысқарту үшін жаңа реттеуші саясат іске асырылды. Қазірдің өзінде 9 мыңнан артық талаптар қысқартылды. Жыл соңына дейін тағы бір мыңы қысқартылады. 

Тәуекелді басқару жүйелерін автоматтандыру нәтижесінде тексерулер 1 қаңтардан бастап адами факторсыз тағайындалатын болады, сол арқылы олардың санын екі есе қысқартамыз", — деді Премьер-министр.

Одан бөлек, салықтық әкімшілендіруді әрі қарай дамыту үшін оны цифрландыру жұмыстары жалғасып келеді. ШОБ-ты салықтықтық ынталандыру шеңберінде биылдан бастап 4% мөлшерлеме деңгейінде бөлшек салық режимі енгізілді. 

Микро және шағын бизнес үшін енбек ақы төлеу қорынан бірыңғай төлем бекітілді, және оның жүктемесі 20 %-ке  төмендетілді.

"Ірі бизнес жаңа өндіру жобаларына инвестицияларды салуды ынталандыру үшін 5 жылға дейін пайдалы қазбаларды өндіру салығынан босатылады. Сондай-ақ, 2025-ші жылдан бастап жаңа Салық кодексі іске қосылады. Ол қазір қоғам талқылауында.

Онда барлық өңдеуші секторларының жаңа жобалары 3 жыл мерзімге салықтардан босатылады", — деді Ә.Смайылов.

Ал бизнесті қаржыландыру мәселесіне келер болсақ, бұл тұрғыда даму институттарының рөлі ерекше.

"Бәйтерек" холдингі жыл басынан бері бизнеске 2,2 трлн теңгенің көлемінде қаржылық қолдау көрсетті. Соның ішінде, Қазақстан даму банкі арқылы 314 млрд теңге бөлінді. Өнеркәсіпті дамыту қоры жалпы құны 195 млрд теңгеден асатын жобаларды қаржыландырды. Қосымша 300 млрд теңгенің жобалары бойынша жұмыс жалғасуда. "Даму" қоры арқылы 115 млрд теңгеге тікелей несиелер берілді және бөлінген субсидиялар мен кепілдіктердің арқасында банктер 930 млрд теңгеден астам сомаға бизнеске несиелерін берді", — деді Үкімет басшысы. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу