Алматы қаласының Алмалы аудандық соты KazTAG агенттігінің бас редакторы Әмір Қасеновтің үйқамақ мерзімі аяқталғаны туралы мәлімдемесін жоққа шығарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 319-бабына сәйкес, қылмыстық іс сотқа түскен кезде судья бір мезгілде бұлтартпау шарасы мәселесін де қарайды.
"Аталған іс бойынша сот биылғы 5 маусымда бұрын таңдалған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын өзгеріссіз қалдыру туралы процессуалдық шешім қабылдады. Осыған байланысты бұлтартпау шарасының мерзімі аяқталды деген мәлімдемелер сот актісінің мазмұнына сәйкес келмейді", – делінген хабарламада.
Сондай-ақ сот қаулысы "Сот кабинеті" ақпараттық жүйесінде жарияланатыны, оған іс қатысушылары мен олардың қорғаушылары қол жеткізе алатыны атап өтілді.
"Тиісінше, адвокаттар мен өзге де процеске қатысушылар сот актісімен ол шығарылғаннан кейін заңда белгіленген тәртіппен таныса алады. Бұдан бөлек, жүктелген шектеулер мен міндеттер бұзылған жағдайда сот бұлтартпау шарасын, оның ішінде неғұрлым қатаң түріне өзгертуге құқылы", – деп түсіндірді сот өкілдері.